Қобда аудандық орталық ауруханасында «Емханаға тіркел де, МӘМС жүйесіндегі өз мәртебеңді анықта!»
атты емханаларға тіркелу науқаны өтуде.

«Емхана – ол кез келген медициналық көмек алу үшін «кіреберіс қақпа» болып табылады. Шын мәнінде қайда тіркелгеніңізді тексеру – сіз  үшін маңызды. Себебі, азаматтардың басқа қалада, ауданда тұрып, өзге өңірлерде тіркелетін жағдайлары жиі кездеседі. Мұндайда медициналық қызмет көрсету бойынша қиындықтар туындауы мүмкін. Осыған байланысты, 5 сәуір мен 31 маусым аралығында әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде өз мәртебесін анықтау керек.
Емханаға тіркелу науқаны ерекше маңызды. Бұл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін енгізуге дайындық шараларының бірі болып табылады.
Қазірден бастап әр азамат өзінің қай санатқа жататынын анықтап алуы керек. Жарнаны сіз үшін кім төлейді: мемлекет пе, жұмыс беруші ме, әлде өзі ме? Осыны да түсініп алуы керек.
Азаматтарды алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету ұйымдарына (бұдан әрі –МСАК) тіркеу тұрақты немесе уақытша тұратын жері, жұмыс, оқу орны бойынша жүзеге асырылады. Сондай-ақ, тұрғындар дәрігерді еркін таңдауға және бір әкімшілік-аумақтық бірлік құзыреті бойынша медициналық ұйымнан көмек сұрауға құқылы. Азаматтар дәрігер мен емхананы еркін таңдаған кезде, емханаға тіркелу бір рет қана жүзеге асырылады.
МСАК ұйымдары азаматтарды жеке өтініші арқылы ғана тіркейді.
Отбасы мүшелерін тіркеу отбасы мүшелерінің біреуі арқылы, өзге отбасы мүшелерінің жазбаша келісімі болған жағдайда және отбасының әрбір мүшесінің жеке басын куәландыратын құжаттарын көрсету арқылы жүзеге асырылады.
Еліміздің әр тұрғыны емханаға тіркелу науқаны аясында бастапқы медициналық ұйымға тіркелгенін тексерумен қатар, өзінің санаты туралы мәлімдеуі қажет. Сіз кімсіз - жалдамалы қызметкер, жеке кәсіпкер, өзін-өзі жұмыспен қамтушы азамат, әлде ресми кірісі жоқ немесе еш жерде жұмыссыз ретінде тіркелмеген жұмыссыз азаматсызба?
Болашақта сақтандырылатын адамның санатын анықтау қажетті медициналық көмек алу кезінде қиындықтар туындатпау үшін маңызды болып табылады.
МӘМС жүйесіне қатысу туралы барлық ақпаратты, жарналар мөлшері және төлеу схемаларын Сіз өз емханаңыздағы тіркеу орныңыз немесе сіздің учаскелік дәрігеріңіз арқылы біле аласыз.
Сонымен Сіз емхананы таңдадыңыз, енді оған қалай тіркелу керек? Мұны жүзеге асыру өте оңай.
Бұл үшін Сізге емханаға жеке басты куәландыратын құжатпен келіп, бас дәрігердің атына өтініш жазуыңыз керек. Ешқандай атаулы анықтама талап етілмейді. Сізді тіркеу өтініш түскен күні жүзеге асырылады.
Емханаға тіркелудің екінші тәсілі ғаламтор пайдаланушылар үшін ыңғайлы.
"Электронды үкімет" (еgov.kz) порталы арқылы электрондық құжат нысанында азаматтың мәліметтерін көрсете отырып, сұрау салу қажет. Емханадағы жауапты қызметкер электрондық сұрау салуды тиісті ақпараттық жүйелерден алады және сіздің тіркеу туралы электрондық түрде талоныңызды ресімдейді. Тіркелгеніңіз жөніндегі туралы ақпаратты "еgov" порталындағы «Емхананы таңда» бөлімінде анықтай аласыз.
Сіздің әлеуметтік статусыңыз анықталмаған жағдайда

  • Егер Азамат(-ша) өзін жұмыссыз деп санаса және жұмыс іздеуші ретінде есепке тұруды қаласа Халықты жұмыспен қамту орталығына жүгінуі қажет.
  • Егер Азамат(-ша) экономиканың бейресми секторында жұмыс жасаса (жеке жүк тасушылық, құрылыс бизнесі, сауды қызметінде және т.б.) онда ол ЖК ретінде тіркелуі қажет немесе мекен-жай бойынша салық органына жүгінуі қажет немесе өнімсіз өзін-өзі жұмыспен қамтушы ретінде тіркелуі немесе, Халықты жұмыспен қамту орталығына, Халыққа қызмет көрсету орталығы немесе мекен-жайы бойынша ауылдық округтың Әкіміне жүгінуі қажет.

Сондай-ақ, азамат тек бір емханада ғана тіркеле алады. Оның бір уақытта бірнеше емханада тіркелуі мүмкін емес. Пациент өз өтінішімен МСАК ұйымына тіркелу кезінде осыған дейін тіркелген МСАК ұйымынан «Азаматтарды тіркеу регистрі» порталы арқылы автоматты түрде шығарылады.